×

«Шымкент-Астана» пойызында сәби дүниеге келді

Үш жылда 14 нәресте пойызда туған

 Қымбат Елтайқызы 22.10.2024 | 11:30
фото: Halyq Uni

№86 «Шымкент-Астана» пойызында сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жолаушы Кенжеева күйеуімен бірге жүктіліктің соңғы айында Шымкенттен елордаға сапарға шыққан. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 «Шымкент-Астана» пойызында келе жатып, жолаушының толғағы басталды. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұрады. Пойыз бастығы Гүлшат Қарақұлова мен жолсерік Анар Адамбаева жедел түрде барлық қажетті шараны қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазан күні сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді, – деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз бригадасы өз қызметтік міндеттеріне сай әрекет етіп, вагонда босанған әйелге қажетті барлық жағдайды жасады. Сары-Шаған стансасына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.

Пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 14 нәресте туған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама