Орал қаласында 100 қойды белгісіз жыртқыш қырып кетті
Қасқырдың ізі жатыр, оның ізі иттікінен бөлек, - дейді әкімнің орынбасары
Орал қаласында қорадағы қойды белгісіз жыртқыш қырып кетті. Тағылар бір сағаттың ішінде 100 қойды тамақтап тастаған, деп хабарлайды Halyq Uni «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қолына таяқ ұстап қалған мал иесі Есенгелді Айтмұхамбетов енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Оның айтуынша, оқиға түнгі сағат 3-те болған. Бірақ үйіндегі 3 иттің ешқайсысы үріп, дыбыс бермеген. Айтуынша, айналада бұралқы ит көп. Осылайша, тұрғын 20 жыл бойы өсірген малынан бір-ақ сағатта айрылып қалып отыр.
Тамақтан алып, өңешін жұлып, бауыздап кеткен. 150 қойдан 50 қойым қалды. Енді мынаны соя да алмайсың. Тұқымға қалдырмасақ. Бұралқы иттер көп, - дейді Есенгелді Айтмұхамбетов.
Ал шенеуніктер қойға қасқыр шапты деп қамсыз отыр. Түз тағысын көзімен көрмесе де қорадағы ізіне, қойға салған жарақатына қарап, осындай тұжырымға келген. Бірақ қаланың ортасындағы қораға қасқырдың қайдан тап болғаны белгісіз. Қамаулы қойды қырып кеткен жыртқыштың адамға да зияны тиюі мүмкін. Осыдан қауіптенген әкімдік полицияға шет аумақтағы күзетті күшейтуді тапсырған.
Барлығын да кеңірдегінен бауыздаған. Басқа жерінен жарақат алмаған. Тек қана кеңірдектен. Жұлмалап, пытырлатып жеген ештеңесі жоқ. Алдымен иттен күдіктенген едік, бірақ олай болмады. Қасқырдың ізі жатыр. Оның ізі иттің ізінен бөлек. Үлкендеу. Ол бір қасқыр ма, екеу ме, белгісіз, - дейді Зашаған кенттік округі әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитов.