Күдіктінің басқа қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр
Елордада тұрғын алаяққа сеніп, 6 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, 30 жастағы астаналық әйел Instagram-дағы парақшасында ақшаны 2 есе көбейтемін, инвестиция салуға көмектесемін деген сыңайдағы ақпарат орналастырған. Ол қызметі үшін алдын ала төлем сұраған.
Әйелдің сөзіне 44 жастағы елорда тұрғыны сеніп, оған 6 млн теңге ақшасын бере салған. Алайда алаяқ қомақты қаржыны алғаннан кейін жоғалып кеткен.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында «Есіл» ауданы ПБ қызметкерлері әйелдің осыған ұқсас 17 әрекетке қатысы барын анықтады. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.