Halyq Uni логотип
×

Қандастардың қоныс аудару қағидаларына өзгертулер енгізілді

Тиісті құжат қоғам талқысына ұсынылды

 Динара Амантай 21.10.2024 | 16:06
Қандастардың қоныс аудару қағидаларына өзгертулер енгізілді
Фото: Halyq Uni

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару мәселелерін реттеу саласындағы НҚА-ға түзетулер топтамасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталған түзетулер топтамасы анықталған проблемалық мәселелер мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұсынымдарын ескере отырып әзірленді.

Атап айтқанда, өзгертулер:

  1. мансап орталықтары қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып, сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық және мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді іске асыруды;
  2. сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құзіретін кеңейту;
  3. қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекітуді;
  4. қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек ету құқығын алып тастауды көздейді.

Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу және ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2025 жылғы наурыздан бастап автоматтандыру жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Осылайша, көрсетілетін қызметті алушылардың мансап орталықтардың қызметкерлерімен байланысы жойылады.Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.

Осы мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қамтамасыз етеді.

Тиісті бұйрық жобасы жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында 2024 жылғы 5 қарашаға дейін орналастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама