21 күдікті түрмеге қамалды
Жыл басынан бері Қазақстанда қара нарықта құны 7 млрд теңгеден асатын есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылы заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 774 келі героин, 155 келі марихуана, 37 келі гашиш және гашиш майы, 34 келі көкнәр, сондай-ақ 1 келі синтетикалық есірткі бар. Тәркіленген заттардың қара нарықтағы құны 7 млрд теңгеден асады, - деп жазылған Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Сондай-ақ Ираннан героиннің ірі партиясын әкелудің жолы кесілді. Қылмыстық топ есірткіні тұрмыстық тауарлар ретінде жасыруға тырысқан.
Еуропа, АҚШ және Таиландтан жеткізілген есірткі заттары бар 50-ден аса пошта сәлемдемесі анықталды.
Мысалы, Қаржылық мониторинг агенттігі АҚШ-тан есірткі заттарын пошта арқылы жеткізетін жүйелі арнаны жойды. Нәтижесінде 10 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, 15 келі каннабис сығындысы және 8 келі марихуана тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.
21 сотталушы түрмеге қамалды. Оның арасында шетелдіктер де бар.