Қазақстандағы ең ұзын көпір ашылды

Динара Амантай

Нысан алты ауданды байланыстырады

Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің ашылуына қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталмыш көпір 6 ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады.

Көлік министрі Марат Қарабаев премьер-министрге ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы аяқталғаны туралы баяндады. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандарттарына сәйкес іске асырылды.

Облыс тұрғындарымен кездесуде премьер-министр жобаны іске асыру көліктің жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін және еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін атап көрсетті.

Жаңа көпір мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде, көпірдің ашылуына келген аймақ тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елдімекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартатынын, бұл тұрғындардың жеңіл қатынауын қамтамасыз ететінін, тауарлар қозғалысын жеделдететінін, қызметтерге қолжетімділікті арттырып, сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіні туралы пікір білдірді.

2019 жылы осы өңірдің халқы еліміздің президентіне арыз-тілегін жазған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тілегіне көңіл бөліп, елдің 60 жыл армандаған көпірін салуға қазынадан қаражат бөлді. Жобада еңбек еткен тек еліміздің азаматтары. Шетелден тартылған бірде-бір маман жоқ. Қаншама кісіге жұмыс табылды. Құрылыс қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында да жүргізілді, – деді Күршім ауданының құрметті азаматы Бақытхан Өлмесеков.

Премьер-министр ірі жобаларды іске асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.

Мемлекет басшысы аталған жобаға, жалпы өңірлердің дамуынап үлкен көңіл бөліп келеді. Сіз дұрыс айттыңыз, әрі жұмыс беріп әрі инфрақұрылымдық байланыс пен дамуды қамтамасыз ететін мегажобалар көп болуы керек. Сырттан ешкімді тартпай-ақ, біздің өз құзыретіміз де жеткілікті. Осындай республикалық маңызы бар осындай ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет отандық кәсіпкерді, отандық өндірушілерді қолдау саясатын жүргізіп жатыр, – деп атап өтті Олжас Бектенов.