Қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында бір кеште екі жаяу жүргінші жол-көлік апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, екі жағдайда да құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындаған.
Алғашқы апат Қаскелең қаласы маңындағы Алматы-Бішкек тасжолында тіркелді. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Өкінішке қарай, ол ауыр жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.
Екінші қайғылы оқиға Іле ауданының Ынтымақ ауылында болды. Алматы-Өскемен тасжолында Lexus RX-350 көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан ол да сол жерде көз жұмды.
Құқық қорғау органдары көлік жүргізушілеріне жылдамдықты шектеу ережелерін сақтауды және жолда аса мұқият болуды ескертеді. Әсіресе, кешкі уақыттарда және көріну шектелген жағдайларда ерекше сақ болу маңызды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолды тек арнайы белгіленген жерлерде өту қажеттігін, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңызды екенін тағы бір рет еске салады, – делінген хабарламада.