×

«Бірде-бір сүйегі сынбаған»: Грузиядағы қазақ қызының жұмбақ өліміне қатысты тың деректер айтылды

Қор өкілдері марқұмның ішкі органдарын Қазақстанға жеткізіп, жерлеу керегін айтты

 Айнұр Шошаева 13.06.2022 | 19:15
фото: kaztag

Грузияда қайтыс болған қазақстандық Әсел Айтпаева күнделік жазып отырған. Қазір ата-анасы марқұмның күнделігінде өліміне күдіктілерге қатысты ақпарат болуы мүмкін деп есептейді. 

«Тергеу жүргізіліп жатыр, Қазақстан заңнамасына сәйкес, кейбір мәселелерді жариялай алмаймын. Менің Грузияға келгендегі мақсатым – Әселдің осында (Грузияда) жеке заттары қалды. Ол күнделік жазып жүрген. Күнделігі мен телефоны осында, тергеу ісі аясында. Біз соның көшірмесін алсақ дейміз, бұл істі толық ашуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Іс шеңберінде уақытша болса да Қазақстанға әкеліп немесе көшірмесін алу керек деп есептейміз», - деді марқұмның отбасының адвокаты Саида Сүлейменова Тбилисиде «Немолчи» қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихаты кезінде. 

Оның айтуынша Грузияда ситуациялық сараптама жүргізілмейді. Сондықтан адвокат ол сараптаманы Қазақстанда жүргізуді ұсынған. 

«Біз Грузияның тергеу органдарымен сөйлестік. Мұнда кешенді ситуациялық сараптама  жүргізілмейді. Бізде Қазақстанда ондай сарапшылар бар, бізден ғана емес Армения немесе басқа мемлекеттен шақырып, кешенді сараптама жүргізуді ұсындық. Әселдің ата-анасының көптеген туыстары бар, олар суицид болғанына күмәнмен қарайды. Бұл іске құқықтық бағаны сот пен тергеу береді»,  - деп қосты ол. 

«Немолчи» қоғамдық қорының өкілдері Әсел Айтпаеваның өлімі оқыстан болғанына күмән келтіреді. 

«Өлім екі түрлі болады: агональді, яғни ұзақ уақыт ауыру салдарынан болатын және аяқ астынан болатын өлім. Жедел өлім кезінде организмдегі ішектер жиырылып, экскременттер шығарылады. Фотода ол жоқ. Біздің ойымызша ол 8 қабаттан құлағанға дейін өлген. Өзіне қол салды деп қойылым қойып отыр деп есептейміз. Өйткені жедел өлім кезінде болатын белгілер жоқ», - деді «Немолчи» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмат Мұхамеджанов. 

Қордың негізін қалаушы Дина Смайылова бойжеткен қайтыс болмай тұрып азаптау көргенін айтады. 

«Әсел Айтпаеваның өлтірілгеніне 99 пайызға сенімдіміз. Өйткені марқұмның бүкіл сүйегі бүтін. ... Мейірбеков пен біздің тергеушілердің сөзінше ол 8 қабаттан секіріп кетіп, оның сүйектері сынбай қалды деген шындыққа жанаспайды. Олай болуы мүмкін емес. Басы жарылмаған, бірақ тістері сынған. Құлағанда тісі ғана сынып, басқа сүйегі қалай аман қалады? Көкбауыры езіліп кеткен, оны азапталғанына сенімдіміз. Бүкіл арқасы ыстық сумен күйдірілуі мүмкін. Өйткені өз сөзінде Бесик Тордуаның «қазір мен үсіне ыстық су құямын» дегені бар. Жерлеу алдында мәйітін жуындырған туыстары қыздың жарты денесі күлдіреп кеткенін айтты», - деді Дина Смайылова. 

Сондай-ақ қор өкілдері марқұмның ішкі органдарын Қазақстанға жеткізіп, жерлеу керегін айтты. 

«Тараптардың ешқайсысы ол кісі өлтіру немесе өзіне қол салу екенін анықтайтын сараптама жасаған жоқ. Біз істің әділ тергелгенін және марқұмның ішкі органдарын алып ата-анасына берілгенін қалаймыз. Себебі мұсылмандық дәстүр бойынша мәйіт толық жерленуі керек. Біз қазір Қазақстанның Грузиядағы елшілігі мен құзырлы органдардан көмек сұраймыз. Біріншіден, сараптама жасау, ал екіншіден, марқұмның органдары мен жеке заттарын Қазақстанға жеткізуге жәрдемдесулерін сұраймыз», - деп толықтырды Смайылова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама