Талғардағы қанды оқиғадан кейін тағы кадрлық-ауыс түйіс жалғасып жатыр
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министр Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен ағымдағы жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындысы бойынша жиын өткізді, деп мәлімдеді ІІМ.
Сәденов жедел кеңесте жеке құрамға ПД-нің жаңа басшысын таныстырды. Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық полиция департаментінің бастығы болып Мейрам Әбікеев тағайындалды. Полиция полковнигі бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары болған, – деп қосты ведомство.
Облыстық департамент бастығының бірінші орынбасары болып Бағдат Әшімов тағайындалды.
Жедел кеңес қорытындысы бойынша, министр өңірдегі құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. ІІМ басшысы Талғар ауданында кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқан жедел-тергеу тобын жеке тыңдады. Бұл бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бұған дейін Алматы облысында жоғары лауазымды полицейлер қызметінен босатылғаны жайлы жазған едік.
4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Сол жағдайдан кейін жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 7 адам ұсталды. Ал, 12 қазанға қараған түні қайтыс болған баланың үйі өртеніп, полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. ТЖМ өз кезегінде кісі қолынан қаза болған жеткіншектің үйі қалай өртенгенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі аталған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатқанына байланысты 4 қазанға қараған түні болған оқиғаның толық видеосын жариялау туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, 15 қазанда Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков қызметінен босатылған болатын. Ал кеше Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы бір күдікті құрықталды. Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды.