Алматы облысында жоғары лауазымды полицейлер қызметінен босатылды
Талғардағы қанды оқиғадан кейін тағы бірнеше шенеунік орнынан кетті
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министр Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен биылғы жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындысы бойынша жиын өткізді, деп мәлімдеді ІІМ.
Ведомство басшысының бұйрығымен:
- ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров;
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров лауазымдарынан босатылды.
Жедел кеңестің қорытындысы бойынша министр өңірдегі құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сәденов Талғар ауданында кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқан жедел-тергеу тобын жеке тыңдады. Бұл бойынша нақты тапсырмалар берілді.
4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Сол жағдайдан кейін жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 7 адам ұсталды. Ал, 12 қазанға қараған түні қайтыс болған баланың үйі өртеніп, полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. ТЖМ өз кезегінде кісі қолынан қаза болған жеткіншектің үйі қалай өртенгенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі аталған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатқанына байланысты 4 қазанға қараған түні болған оқиғаның толық видеосын жариялау туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, 15 қазанда Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков қызметінен босатылған болатын. Ал кеше Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы бір күдікті құрықталды. Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды.