Halyq Uni логотип
×

Қазалы ауданында «Әмір Арена» спорт кешені ашылып, 120 отбасына жаңа баспана берілді

Биыл аудан бюджеті былтырғыдан 18,7 пайыз өсіп, 17 млрд 600 млн теңгеге жеткен

 Халық үні 18.10.2024 | 21:18
Қазалы ауданында «Әмір Арена» спорт кешені ашылып, 120 отбасына жаңа баспана берілді
фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында жаңадан салынған «Әмір Арена» спорт кешенінің ашылу рәсімін жасады. Сондай-ақ ауданның 120 отбасына жаңа баспаналардың кілті табысталды. Қос шараға Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аймақ басшысы Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге және Сыр спортындағы жаңалықтарға тоқталды.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар іске асып жатыр. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болатын, бүгінде 744 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса көңіл бөлінді. Былтыр Қазалы ауданының бюджеті 13 млрд 600 млн теңге болса, биыл 17 млрд 600 млн теңгеге жетіп, 18,7 пайыз өсті. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, 29 шақырым жолдар мен көшелер жөнделіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кенттегі Жанқожа батыр, Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Үш елді мекеннің (Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Қожабақы ауылы) электр желілері жаңғыртудан өтуде. Аудан орталығында «Руханият орталығы», Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 300 орындық мектеп құрылысы қарқын алды. Биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығына салынуы жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Былтыр 13 спорт кешені салынып, оның 9-ы пайдалануға берілді. Бүгін өздеріңізбен бірге «Әмір Арена» жаңа спорт кешенін ел игілігіне табыстаймыз. Қазалылық жас жеткіншектер осы кешенде жаттығып, шарболаттай шынығып, көк байрағымызды көкте желбіретсін! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, облыстық мәслихат депутаты, «Қазалы кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Тілеп» ЖШС-ның директоры Ибайдулла Тілеп құттықтау лебізін жеткізді. Жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың демеушілігімен салынған 200 адамдық бұл кешенде жастардың футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және күреспен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

Сонымен қатар, облыс әкімі әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Осы орайда ол жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.

Сыр өңірінде барлық саладағы бастамалардан, қолға алынған жобалардан, олардың іске асу қарқынынан президентіміздің, Үкіметтің қолдауын анық көруге болады. Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынып жатыр. Бүгінде «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 115 млрд теңгеден аса инвестиция салды. Орталық келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыздағы құрылыс қарқыны артып келеді. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да сәулетті ғимараттар, түзу көшелер, нақтылай айтсақ, 123 млрд 400 млн теңгеге 81 әлеуметтік нысан бой көтеруде, 58 млрд 900 млн теңгеге 332 мың шаршы метр, 452 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Туған жердің өсіп-өркендеуіне жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосып, демеушілер есебінен 50 млрд теңгенің жобалары қолға алынды. Қазалы ауданында да тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері ескеріліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр ауданның 95 жылдығы қарсаңында әлеуметтік осал топтар үшін салынған баспаналар кілтін 50 отбасыға табыстаған болатынбыз. Биыл да осы үлгілі үрдіс жалғасын тапты. Ауданның ажарын айшықтайтын, тұрғындарды баспана бақытына кенелтетін бұл үйлер инженерлік инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтылған. Жаңа қоныс құтты болсын, қуаныш пен шаттық ұялаған шаңыраққа айналсын! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді. Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама