Halyq Uni логотип
×

Елімізде қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі енгізіледі

Жаңа технология отандық медицинаны дамытуға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 18.10.2024 | 18:38
Елімізде қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі енгізіледі
Фото: ПІБ МО баспасөз қызметі

Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері қатерлі ісікті емдеу үшін ядролық медицинаның жаңа технологиясын енгізеді. Бұл туралы ДСМ Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әлемдік медицина ғылымы тераностика бағытында алға қадам басты. Қазақстан да басқа елдерден қалыспайды. Демек біз изотоппен дертті ерте бастан анықтап қана қоймай, оны емдей аламыз. Мұндай дәрінің басты ерекшелігі – дәл жеткізу моделі. Яғни, ол обыр клеткаларына тән молекулаларды танып, емдік және диагностикалық агентті зардап шеккен жасушаларға дәл жеткізе алады, - деді Айгүл Сәдуақасова.

Оның айтуынша, бүгінде Ядролық медицина орталығы радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен тек онкологиялық аурулардың диагностикасын жүргізіп жатыр.

Бұл технология онкологияны емдеудің жаңа белесі саналады. Ол науқастарға, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласына қажет. ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында Қазақстандағы ең озық Ядролық медицина орталығына бар. Сондықтан біз тераностика технологиясын енгізіп, оны бейімдей бастаймыз, - деді ядролық медицина орталығының басшысы.

Сондай-ақ Айгүл Сәдуақасова тераностика технологиясын дамыту және бейімдеу атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі жол картасына енгенін жеткізді. Жоспар 7 жылды (2024-2030 жылдар) қамтиды. Құжат Үкімет жанынан құрылған Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес аясында іске асырылады.

2025 жылы біз радиоэмболизацияны енгізгіміз келеді. Радиоэмболизация – бауыр артериясы арқылы изотоптарды бауырдың ісік тініне оның сау бөлігіне әсер етпей, ағзаға уытты әсер жасамай енгізу. Бұл әдіс изотоптарды аз қолдану арқылы ісіктің өзін некротизациялауға мүмкіндік береді. Яғни, онкологияда химиясыз және сәулелік әсерсіз емдеудің балама жолы пайда болады, - деді сарапшы.

Сонымен қатар Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қандай дәрілерді шығару жоспарда барын айтты.

Институтымыз тек іргелі және қолданбалы ғылыммен айналысумен шектелмейді. Мұнда онкологиялық дерттерді емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндірісі де бар. Жыл соңына дейін радиофармпрепараттар тізімін кеңейтіп, Самарий-225 және Лютеций-177 препараттарын шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама