Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр
Қаладағы арықтар тазартылады
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша акциялар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы елді мекендердің аумағын көркейту мен көгалдандыруға бағытталған. Мақсат – қоршаған ортаны тазалау, халық арасында жоғары жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
18-24 қазан аралығында Баум тоғайында «Жарқын күз» атты экологиялық акциясы өтіп жатыр. Іс-шара аясында тоғайды тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бұл акцияға «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының қызметкерлері («Медеу паркі» МӨТП) қатысты.
Сондай-ақ іс-шараға Экология және қоршаған орта басқармасының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және қаланың эко-белсенділері де атсалысты.
Акция мегаполистің ең үлкен жасыл белдеулерінің бірін сақтап қалу үшін күш біріктірген жүздеген адамның басын қосты.
Орман – біздің ортақ байлығымыз. Оған қамқорлық жасау, тазалау және қорғау – біздің міндетіміз. Табиғатқа қамқорлық жасау – бұл болашақ ұрпаққа қалдыратын үлесіміз деп ойлаймын. Біз еңбегімізбен оларға жасыл әрі таза әлем сыйлаймыз, - деді орманшы Қуандық Дәулетияров.
Ол кәсіби мерекесі қарсаңында әріптестерімен бірге басқарманың алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ «Жасыл аула» жыл сайынғы акциясын өз жалғасын тапты. Іс-шара аясында Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, аллеялар мен скверлерді көгалдандыру үшін тұрғындарға тегін көшеттер беріледі.
Биыл қала тұрғындарынан 305 өтінім түсіп, оның 133-і мақұлданды. Нәтижесінде алматылықтарға жалпы 1156 көшет берілді. Әсіресе, Әуезов, Бостандық және Алатау аудандарының тұрғындары белсенділік танытты. Көшеттер «Эко Алматы» базасында және әр ауданның комьюнити орталықтарында таратылды. Акция аясында тұрғындар қайың, шаған, алма, сәнағаш, шегіршін және бұталардың көшетін алды. Барлық көшет жаңа ережелерге сай: биіктігі кемінде 2,5 м, діңгегінің диаметрі 1,3 м биіктікте 3 см-ден кем емес.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар жасыл және жайлы аула болуы үшін маңызды.
Біз бұл акцияға екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Ауламызды одан әрі көгалдандырғымыз келеді. Мен он бес көшет алуды жоспарлап отырмын. Отырғызатын ағаштың түрін өзіміз таңдаймыз, - деді акцияға қатысушы Ілияс Мамутов.
Сонымен қатар Алматыда 18 қазаннан бастап күзгі көгалдандыру науқаны да басталды.
Биылғы маусымда 282 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Отырғызу материалдарын іріктеу және дайындауға ғылыми мамандар тартылды. Бұл табиғи-климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, көгалдандыруды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жасыл желектердің өсіп-жетілуін арттыру және қаланың жасыл қорын сақтау.
Ағаш отырғызу жұмысы арнайы кесте бойынша жүргізіледі. Міндетті шарттардың бірі – биологиялық және минералды тыңайтқыштарды енгізу. Бұл ағаштардың тамыр жүйесін нығайтуға және олардың жерсінуін жақсартуға ықпал етеді. Мұндай тәсіл қалада ұзақ мерзімді және тұрақты экожүйе құруға мүмкіндік береді.
Ауқымды суару жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында биыл 58 учаскеде ұзындығы 187 шақырым болатын автоматты суару жүйесі салынды, 110 шақырым тамшылатып суару жүйесі тартылды, сондай-ақ 220 мыңнан астам жаңа ағаштарды қамтитын 11 құдық салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қалада суды пайдалану оңтайландырылып, әсіресе жазда суарудың тиімділігі артты.
Сондай-ақ Алматыда маңызды акцияның бірі – Plastic Reboot пластик жинау іс-шарасы болды. Тұрғындар пайдаланылған пластикалық бөтелкелерді тапсырып, ақшалай сыйақы ала алады. Акцияның мақсаты – қала тұрғындарының назарын пластикалық қалдықтардың пайда болу мәселесіне назар аудару және қаланың әр ауданында Эко-хаб, Оқушылар сарайы, Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталықтары мен комьюнити орталықтары негізінде қалдықтарды қабылдау пункттерін ашу.
Акцияға қатысу үшін тұрғындар 18-24 қазан аралығында пластикалық бұйымдарды жинап, ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне тапсыруы керек. Пункт қызметкерлері жиналған қалдықтардың санын есептеп, олардың талаптарға сәйкестігін тексереді, қатысушының мәліметтерін (телефон нөмірі) және тапсырылған бөтелкелердің санын арнайы базаға енгізеді.
Қайта өңдеуге жарамды әрбір пластикалық бұйым (сусын бөтелкелері, сусабын қаптамалары, азық-түлік қаптамалары, №5 таңбаланған бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар және тағы басқа) үшін қатысушылар 5 теңгеден сыйақы алады. Ақша қатысушының ұялы телефонының балансына аударылады.
Сонымен қатар мектептердің оқушылары мен колледждер, жоғары оқу орындарының студенттері және мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері пластикалық бөтелкелердің қақпақтарын жинауға арналған «Мейірімді қақпақ» акциясына қатыса алады. Бұл қақпақтардан салпыншақтар, ойыншықтар, кәдесыйлар және басқа пластикалық бұйымдар жасауға болады.
Алматыда креативті экологиялық акциялармен қатар мегаполисті күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 18-24 қазан аралығында Алматыда санитарлық кесу, ағаштардың жапырақтарын жинау және қала көшелерінде, аулаларда, қоғамдық кеңістіктерде және жол инфрақұрылымы бойында қоқыстарды жинауға арналған ауқымды жұмыстар жоспарланған.
Сондай-ақ Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Қарғалы, Боралдай, Жарбұлақ, Тіксай өзендері мен су айдындарын қоқыстан тазартылады.
Қалалық коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар ұзындығы 1 525 шақырым болатын арық желілері де тазартылады. Бұл жаңбыр суының кедергісіз ағуына мүмкіндік береді. Тазалау барысына 1 мыңнан астам арнайы техника мен 1,4 мың жұмысшы жұмылдырылып, 5 мыңнан астам аула учаскелері, жолдар мен тротуарлар ретке келтіріледі.
Қоқыс мәселесі мегаполис үшін өзекті болып қала береді және арық желілерінде коммуналдық қызмет қызметкерлері күніне 250 м³-ге дейін қоқыс жинайды.
Мұндай акциялар қаланың экологиясын сақтау үшін өте маңызды. Біз тек қоқыс жинаумен ғана шектелмейміз. Болашақ ұрпақ үшін орманды көгалдандыруға да бар күшімізді саламыз, - деді «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаров.