Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша кемшіліктерге жол берілген
Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокурордың 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды, – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, бұған қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болған.
Еске сала кетсек, 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Сол жағдайдан кейін жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 7 адам ұсталды. Ал, 12 қазанға қараған түні қайтыс болған баланың үйі өртеніп, полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. ТЖМ өз кезегінде кісі қолынан қаза болған жеткіншектің үйі қалай өртенгенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі аталған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатқанына байланысты 4 қазанға қараған түні болған оқиғаның толық видеосын жариялау туралы шешім қабылдады.
Сонымен бірге 15 қазанда Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков қызметінен босатылған болатын. Ал бүгін жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы бір күдікті ұсталды.