Halyq Uni логотип
×

Жалған есеппен күрес: Астанада 50 мыңға жуық науқас Face ID-ді пайдаланды

Биометриялық сәйкестендіру 40 шақты медициналық ұйымда енгізілді

 Динара Амантай 18.10.2024 | 16:23
Жалған есеппен күрес: Астанада 50 мыңға жуық науқас Face ID-ді пайдаланды
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Емханаларда пилоттық режимде енгізілген пациенттерді биометриялық сәйкестендіру жөніндегі цифрлық тетіктер медициналық қызметтерге қатысты ақпаратты қосып жазу мүмкіндігін төмендетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

ДСМ мәліметінше, бүгінде маманның қабылдауында болғанын растау тетігі 600-ден астам қызметкерді тарта отырып, елорданың 37 медициналық нысанында іске асырылған.

Бұл ретте емханаларда дәрігердің қабылдауында болған 49 мың 265 пациенттің 85%-ы Face ID тетігі мен «Цифрлық құжат» сервисінің көмегімен сәйкестендіруден өтті.

Жоспар бойынша пациенттерді сәйкестендіру жүйесі енгізілгелі бері көрсетілген медициналық қызметтердің, әсіресе топ-20 қызметке кіретін түрлетінің жалпы саны 24,5%-ға төмендеді. Соңғы нәтижелерді пилоттық жобаның қорытындысы бойынша бағалауға болады.

Осы жылдың соңына дейін пилоттық жоба Астанада нәтижесін көрсетуге тиіс, ал 1 қаңтардан бастап бүкіл республика бойынша кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қосып жазуды төмендететін тиімді құрал болады. Биометриялық сәйкестендіру жүйесі көрсетілген қызметтерді дәл тіркеуді қамтамасыз етеді, бұл пациенттердің келуі туралы жалған есептерге жол бермейді және тиісінше бюджет қаражатының да, сақтандырылған азаматтардың да жарналарының мақсатсыз жұмсалуының алдын алады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама