Қазақстан шетелдік ЖОО-лармен стратегиялық әріптестік орнатады

Дәурен Ерболат

Ғылыми зерттеу ісін дамытуға басымдық беріледі

Фото: primeminister.kz

Елімізде шетелдік университеттермен ынтымақтастық аясында Стратегиялық әріптестік жөніндегі кеңес құрылды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгін вице-премьер шетелдік жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесу өткізді. Тамара Дүйсенова Қазақстан тарапы әріптестік байланысты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарды талқылап, бірлесіп әзірлеу маңызды. Осы жұмыстың форматын сақтап, туындаған мәселелерді бірлесе қарастырған жөн деп санаймын. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан Стратегиялық әріптестік жөніндегі кеңес құру ұсынылады. Кеңес барлық қатысушының мүддесін ескеріп, пікір алмасу және инновациялық шешімді іздеуге арналған тұрақты алаңға айналады, - деді ол.

Кездесуде стратегиялық серіктестіктің бірыңғай жалпы ережесін әзірлеу қажеті айтылды. Бұл университеттердегі академиялық және басқару еркіндігіне әсер етпейді.

Вице-премьер жан-жақты серіктестік ғылыми зерттеу ісін дамытуға, озық білім беру бағдарламалары мен оларды оқыту әдістемелері трансфертін іске асыруға бағытталатынын жеткізді. Осылайша, оқытудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.

Сондай-ақ Тамара Дүйсенова бірлескен ғылыми жобалар аясындағы ынтымақтастық жалғасатынын айтты.

Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң бұл бағытта қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететін ғылымдағы жетістіктерді экономика игілігіне қолдану маңызды. Бұл үдерісте зерттеу университеттері шешуші рөл атқарады, - деді Тамар Дүйсенова. 

Кездесу барысында шетелдік университеттердің өкілдері кеңес құру және стратегиялық әріптестіктің жалпы ережесін енгізу идеясын қолдады.