Экологиялық шараға қала тұрғындары белсенді атсалысып жатыр
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және қалалық «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында ұйымдастырылған «Plastic Reboot» экологиялық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Акцияның мақсаты – тұрғындардың назарын пластикалық қалдықтар мәселесіне аударып, оларды қайта өңдеуге атсалысуға ынталандыру. Тұрғындар қолданылған пластикалық бөтелкелер мен қаптамаларды тапсырғаны үшін ақшалай сыйақы алады. Бұл акция аясында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін эко-хаб, оқушылар сарайы, оқушылардың инновациялық шығармашылық орталықтары мен комьюнити-орталықтарында қабылдау пункттері жұмыс істейді.
Акцияға қатысу үшін 18-24 қазан аралығында тұрғындар пластикалық бөтелкелерді жинап, қабылдау пункттеріне тапсыруы керек. Қабылдау пункттерінің қызметкерлері тапсырылған пластик қалдықтарды тексеріп, олардың талаптарға сәйкестігін анықтайды. Одан кейін акцияға қатысушының телефоны мен тапсырылған бөтелке саны арнайы базаға енгізіледі.
Акция аясында қайта өңдеуге жататын пластик қабылданады: сусындардан қалған пластик бөтелкелер, сусабындар мен гельдер сияқты тұрмыстық химияның қаптамалары, кейбір азық-түлік өндірушілерінің тағам өнімдерінен қалған орама қаптамалары (Амиран, Гормолзавод), 5 санымен таңбаланған бір реттік ыдыстар.
6 санымен таңбаланған бір реттік ыдыстар, таңбаланбаған пластик, компьютерлік және тұрмыстық техникалар, көліктің пластик бөлшектері және тізімге кірмейтін басқа да пластиктер қабылданбайды. Сонымен қатар, тапсырылатын бөтелкелердің таза, оның ішінде сұйықтықтан немесе тамақ қалдықтарынан тазартылған болуы маңызды.
Әрбір тапсырылған пластикалық бөтелке үшін 5 теңге көлемінде ақы беріледі. Ақша өткізушінің ұялы телефонының балансына аударылады.
Бұған қоса, университет, колледж студенттері, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері «Мейірімді қақпақ» бағдарламасына қатыса алады. Пластикалық бөтелкелердің қақпағын комьюнити-орталықтарға тапсыруға болады. Әр айдың соңында белсенді оқушылар эко-хабта қақпақтарды өңдеп, өз қолымен кәдесый жасау мүмкіндігіне ие болады. Жыл соңында қайта өңделген пластиктен жасалған жаңажылдық шырша орнатылады. Бұл шырша қаланы безендіріп қана қоймай, қайта өңдеу арқылы экологиялық таза орта қалыптастырудың жарқын үлгісі болмақ.
Пластик – әлемдегі ең өзекті экологиялық мәселенің бірі. Ол өте баяу ыдырайды әрі экожүйеге зиян келтіріп, топырақ пен су қоймаларын ластайды.
«Plastic Reboot» секілді акциялар әлемнің көптеген елінде халықты қоқысты сұрыптап, пластикті пайдалануды азайтуға ынталандыруда оң нәтиже көрсетіп отыр. Акция арқылы тұрғындар демалыс орындары мен саябақтарды, жағажайларды, қала маңындағы аумақтарды тазалап, ҚТҚ өңдеудің экологиялық және экономикалық пайдасы тақырыбында танымдық іс-шаралар өткізеді.
«Plastic Reboot» акциясы тұрғындарды пластик қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыруға ынталандырумен қатар, қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ластану деңгейін төмендетуге, тұрғындардың жауапты тұтыну әдетін қалыптастыруға бағытталған.
«Plastic Reboot» акциясына қатысу туралы және қабылданатын пластик түрлері жөнінде ақпаратты мына байланыс нөмірлері арқылы алуға болады: +7 747 779 8010 (Хамза), +7 707 358 9992 (Назгүл).
18-24 қазан аралығында пластик қабылдау пункттерінің мекенжайлары:
Алатау ауданы:
Алмалы ауданы:
Әуезов ауданы:
Бостандық ауданы:
Жетісу ауданы:
Медеу ауданы:
Наурызбай ауданы:
Түрксіб ауданы: