Мозамбикте Қазақстан консулдығы ашылды
Қос ел арасында байланыс нығая түсті
Мозамбик астанасы Мапутода Қазақстанның алғашқы құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚР-ның Мозамбиктегі құрметті консулы қызметін кәсіпкер Дино Мамудо Фой атқаратын болды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Мозамбиктегі елшісі Еркін Ахинжанов, іскер топтар, дипломатиялық корпус және БАҚ өкілдері, Мозамбикте тұратын Қазақстан азаматтары қатысты.
Еркін Ахинжанов консулдықтың ашылуы маңызды екенін, қос ел арасындағы қарым-қатынас нығайып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстандық дипломат консулдық инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі алаңына айналатынына, сондай-ақ Қазақстан мен Мозамбик арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді, - деп жазылған СІМ таратқан хабарламада.
Консул Дино Мамудо Фой Қазақстан Үкіметі көрсеткен сенім үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және Мозамбиктегі Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауға дайын екенін мәлімдеді.