Кәсіпкер газ тапшылығын өз мүддесіне пайдаланған
Хромтауда сұйытылған газ қымбатқа сатылғаны анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сауда комитетінінің мәліметінше, «Самара-Шымкент» трассасы бойында орналасқан жанармай құю бекетінде сұйытылған газ жоғары бағада сатылып жатқанын байқаған тұрғын шағым түсірген. Мұнда бизнесмен құны 59 теңге тұратын сұйытылған газды 70 теңгеден сатқан.
Жиналған материалдар негізінде Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құғын қорғау департаменті істің мән-жайын мұқият зерттеп, жанармай құю бекетінің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабы 4-бөлігін бұзатынын анықтады.
Жанармай құю станциясы иесінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, оған айыппұл салынды.
Ақтөбе облысында газбен жүретін 50 мыңнан аса көлік тіркелген.
Өңірде соңғы уақытта сұйытылған газға сұраныс артқан. Осыған байланысты кейбір кәсіпкерлер жағдайды пайдаланып, артық пайда табуға тырысып жатыр. Дегенмен бағаны негізсіз өсіруге, әсіресе тапшылық туындаған сәтте өнімнің құнын арттыруға болмайтынын кәсіпкерлерге тағы ескертеміз, - деді өңірлік департамент басшысы Қайрат Райымқұлов.