Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді
Жылқы шаруашылығы бойынша 3 жаңа бағыт енгізілген
Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №331 бұйрығымен Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұйрық 2024 жылдың 14 қазанында күшіне енді.
Ақпаратқа сәйкес, мініс және мініс-жегін бағыттағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту үшін жағдай жасау мақсатында аталмыш қағидаларға жылқы шаруашылығы бойынша 3 жаңа бағыт енгізілген:
- асыл тұқымдық орталықтардың шет елдік селекцияның мініс бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырларды сатып алу;
- мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу;
- Қазақстан Республикасының аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін жылқылар тұқымдарының асыл тұқымды мал басын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарды өтеу.
Сондай-ақ, енгізілген өзгерістерге сәйкес, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарында, оның ішінде Шымкент қаласында орналасқан тауар өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы елдімекендердің жер санатын көрсете отырып, субсидиялар алуға өтінім бере алады.
Бұдан басқа, азық тапшылығы байқалатын Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстары сияқты шөлейттенген өңірлерде орналасқан барлық шаруашылықтар үшін азықты субсидиялау жөніндегі төтенше жағдайлардың шарттарын алып тастау енгізілді.