Алматыда 50 шетелдік елден шығарылды
Ел бойынша 1185 адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Алматыда 50 шетелдік азамат елден шығарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан азаматтары Қазақстанға көші-қон заңнамасын өрескел бұзып кірген. Полицейлер оларды «Заңсыз келуші – 2024» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады.
Іс-шара басталғалы 1185 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 225 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. ҚР-да болу ережелерін бұзғаны үшін 935 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 202 қабылдаушы тарапқа айыппұл салынды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 48 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сонымен қатар Алматыда іс-шара кезінде Қазақстаннан өз бетінше кету туралы сот шешімін орындамаған 54 шетелдік ұсталды.