×

Қазақстандық ғалымдар спортшыларға арналған бірегей қоспа шығарды

Халықаралық нарыққа шығу жоспарланып отыр

 Динара Амантай 18.10.2024 | 11:11
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстандық ғалымдар спортшыларға арналған бірегей қоспаны шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа тағамдық қоспа өндіріске енген. Мамандандырылған емдік-профилактикалық тамақтану өнімдері спортшылар мен зиянды және ерекше зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арналған. Өнімнің сынақ партиясы алдыңғықатарлы өндірістік тәжірибеге сәйкес салынған шағын зауытта шығарылды.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа тағамдық өнім жасушаларды зақымданудан қорғай отырып, стреспен күресуге көмектеседі. Ол сондай-ақ жасқа байланысты аурулардың дамуын бәсеңдетуге және қоршаған ортаның жағымсыз әсерлерімен күресуге көмектесіп адамның физикалық және психикалық саулығын арттыруға көмектеседі.

Барлық өнімдер Қазақ тағамтану академиясында міндетті сараптамадан өтіп, арнайы диеталық өнім ретінде тіркелді. Жоба бойынша жұмыс әзірлеу, тестілеу және сертификаттау кезеңдерін қоса алғанда үш жылға жуық уақытты алды. Компанияның зертханасында қорытынды зерттеулер жүргізілген болатын, – деді жоба жетекшісі, NU NLA аға ғылыми қызметкері Серғазы Шыңғыс.

Оның айтуынша, бірінші ғылыми зерттеулер Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханаларында басталған. Адамның қажеттіліктеріне байланысты «Hormesis Oxy» жалпы атауымен үш өнім сериясы әзірленді: кәсіби спортшыларға, ересек жастағы адамдарға және әуесқойларға арналған. Болашақта халықаралық нарыққа шығу арқылы өндіріс пен өнім түрлерін кеңейту жоспарланып отыр.

Өнімдерде полифенолдардың бірегей қоспасы – негізінен өсімдік тектес биологиялық белсенді қосылыстар, гель түзуші агенттер, сондай-ақ адаптагендер мен актопротекторлардың шөп сығындылары бар. Біз тәттілендіргіштер мен калориялық толтырғыштарды алмастыратын пребиотикалық және диеталық талшық болып табылатын полидекстрозаны қолданамыз, бұл біздің өнімдерді қант диабетімен ауыратын адамдарға қолдануға жарамды етеді, – деді формуланы тапқан ғалым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама