Оның құрамында спортшы да болған
Қарағанды облысында Qarmet қызметкерлерін бопсалаған жастар ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл өңірде ауыр қылмыс жасауға қатысы бар 6 қылмыстық топ ұсталды. Бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілді.
15 қазанда Шахтинск қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар тобын ұстады. Оның құрамына аралас жекпе-жек жаттықтырушысы кірген. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ Qarmet АҚ қызметкерлерін бопсалаған, - деп жазылған хабарламада.
Бұл фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді. Олардың 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрі, сондай-ақ басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша 3 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.
Бұған дейін Теміртау, Саран және Абай қалаларында ауыр қылмыстарға, сондай-ақ Qarmet АҚ объектілерінен тауарлық-материалдық құндылықты ұрлауға және кәсіпорын қызметкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа да қылмыстық топтардың қатысушылары ұсталған еді.