«Қалжыңы орынсыз болды»: Министр Черчесовтің сөзіне қатысты пікір білдірді

Халық үні

Бапкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады 

Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтың  «француз тілі» туралы сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын, деп жазды ол. 

Сондай-ақ қазақстандықтарға бұл тақырыпты өршіте бермей, оны ақылмен шешуге шақырды. 

Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік. Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік, деп қосты Мырзабосынов. 

Еске салсақ, Футболдан Қазақстан құрамасының бапкері Станислав Черчесов Словения мен Қазақстан құрамасы арасындағы матчтан кейін журналистердің бірінің қазақ тілінде қойған сұрағына кекесін жауап берген болатын. 

Сен қазір француз тілінде сөйлеп тұрсың ба? Бұл сұрақ па, жоқ, басқа ма? – деп мысқылдады ол.

Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі Қазақстан ұлттық құрамасынан түсінік беруді талап етіп ресми хат жолдады. Бұдан кейін  Черчесовке 200 АЕК көлемінде (738 400 теңге) айыппұл салынатыны хабарланды.