Ведомство жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлемдерін іске асыру тәсілдері өзгеретіндігі туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтыны мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желіде ведомствоаралық комиссия еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемінің орнына 39 мыңнан 45 мың теңгеге дейін зейнетақыға қосымша төлеуді енгізу туралы заң жобасын әзірледі деген жалған ақпарат таратып жатыр.
Министрлік Қазақстанда зейнетақы төлемдері үш құрамдас бөліктен: базалық, бірлескен және жинақтаушы бөліктен қалыптасатынын түсіндірді.
Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға тағайындалады. Оның мөлшерін айқындау кезінде зейнеткерлік жасқа жеткен күнгі барлық еңбек өтілі ескеріледі. 10 жыл және одан аз өтілі үшін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызы немесе 28 215 теңге болады. Ал ең жоғары мөлшері биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызы немесе 45 578 теңге болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуімен базалық зейнетақы мөлшері де артып отырады.
Жасына байланысты зейнетақыны (оны ынтымақты зейнетақы деп те атайды) 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар алады. Оның мөлшері осы кезеңге дейінгі жұмыс өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты. Жыл сайын ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға озып индекстеледі.
Жинақтаушы зейнетақы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысатын адамдарға төленеді. Жинақтаушы зейнетақының мөлшері жүйеге қатысу кезеңіне және зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты. Ол неғұрлым көп жиналса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз, – делінген министрлік хабарламасында.