Алматыда сауда үйлерінің бірінен 5 мың вейп тәркіленді

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Фото: polisia.kz

Алматыда сауда үйлерінің бірінен бес мың вейп тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Жетісу ауданындағы сауда үйлерінің бірінде заңсыз саудамен айналысқан 42 жастағы әйел ұсталған.

Осы жылдың 20 маусымында вейптерді сатуға тыйым салатын заң күшіне енгенін еске саламыз. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне 301-1-бап (Шылым шекпейтін темекі бұйымдарын, электронды тұтыну жүйелерін (вейп), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату) толықтырылды. Шылым шегуге болмайтын темекі өнімдерінің, оның ішінде электронды тұтыну жүйелерін (вейптер), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды қоса алғанда, олардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылуы азаматтардың денсаулығын темекінің жаңа түрлерінің және құрамында никотин бар өнімдердің зиянды әсерінен қорғау күшейтілген мемлекеттік саясатты көрсетеді. Сондай-ақ халық арасында, әсіресе жастар арасында ықтимал қауіпті заттардың таралуына байланысты тәуелділікті азайту, – деді Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.

Сауда орнын тінту кезінде 5 мың вейп табылды және тәркіленді. Аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Заттай айғақтар қылмыстық іс материалдарына қосылды.