Бас бапкердің қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқаны айтылды
Футболдан Қазақстан құрамасының бапкері Станислав Черчесовтың баспасөз мәслихатында өзіне қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіге берген жауабы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қазақ тілін кемсіту ретінде бағаланды әрі көпшіліктің наразылығын тудырды. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі Қазақстан ұлттық құрамасынан түсінік беруді талап етіп ресми хат жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсету керегі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және Станислав Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді.
Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз. Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз, – делінген хатта.
Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясы жазбада видеоның үзіндісі көрсетілгенін айтып, бас бапкердің бұл әрекетін әзілдегенімен байланыстырды.
Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз, – делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетсек, Словения мен Қазақстан құрамасы арасындағы матчтан кейін журналистердің бірі бас бапкерге қазақ тілінде сұрақ қойған еді. Ал бапкер оның сұрағына кекесін жауап қатты.
Бұған дейін де Черчесов өзіне қазақша сұрақ қойылғанына шағымданған еді.