×

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 12,5 мың адам әлеуметтік төлем алуға өтініш берген

Олардың көбі – Қарағанды облысының тұрғындары

 Динара Амантай 16.10.2024 | 10:53
Фото: Halyq Uni

2024 жылғы 14 қазандағы жағдай бойынша 11 814 адамға зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегені үшін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемді алуға 12 мың 530 адам өтініш білдірген.

Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 077 адам жүгінді, оның ішінде 2 963 адамға тағайындалды. Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 8 928 адам өтініш білдіріп, оның 8 851-іне тағайындалған. Сондай-ақ, 474 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 51 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 191 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды, – делінген министрлік хабарламасында.

Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 528 адам, 4 көзден – 1 598 адам), Қостанай (2 көзден – 334 адам, ал 4 көзден – 1 057 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 275 адам, ал 4 көзден – 1 063 адам) облыстарында тіркелген.

Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама