Алматылықтар 2,6 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алды
Қаржы шағын және микробизнесті дамытуға бағытталады
«Almaty Finance» еншілес ұйымы «Алматы» МҚҰ биылғы 9 айда алматылықтарға шағын және микробизнесті дамыту үшін 80-нен астам жеңілдетілген несие берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Несиелердің ең көп бөлігін өндіріс және өңдеу (30%), денсаулық сақтау (17%), білім беру (10%), халыққа қызмет көрсету (10%), туризм (6%), әлеуметтік кәсіпкерлік (6%), сонымен қатар креативті экономика (5%) салаларында жобалары бар кәсіпкерлер алған.
Көрсетіліп отырған кезеңдегі қаржыландырудың жалпы көлемі 2,6 млрд теңгеден асты.
Кәсібін енді бастаған және тұрақты жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге «Almaty Business-2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жылдық 2% және 6% жеңілдікпен несие берілді. Ақша жабдықты, шикізатты сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және басқа да бизнес қажеттіліктерін жабуға бөлінеді, – делінген әкімдік хабарламасында.
«Алматы» МҚҰ-ның 7 жылдық мерзімге дейін беретін несиесінің ең жоғары көлемі – 73 млн 840 мың теңге.
Ақпаратқа сәйкес, 2019 жылдан бастап 2024 жылдың 3 тоқсанына дейін «Алматы» МҚҰ барлығы 12,5 млрд теңгеге жуық 560-тан астам шағын және микро бизнес жобаларын қаржыландырды.
«Алматы» МҚҰ-ның «Almaty Business» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелендіру аясында қалада 2300-ден астам жұмыс орны ашылды. Жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің ашылуымен қатар, бағдарлама жергілікті бюджетке салық түсімдерін арттыруға да белсенді ықпал етіп жатыр, – деп атап өтті «Алматы» МҚҰ басқарма төрағасы Алтай Исмағамбетов.
«Алматы» МҚҰ-ның жеңілдетілген несиелендіруі туралы толығырақ ақпаратты +7 (727) 390 80 42 телефоны арқылы немесе https://mfoalmaty.kz/ сайтынан білуге болады.