Қазақстанда жыл басынан бері 8 мың өрт тіркелді
64 адам мас күйінде болған
Қазақстанда жыл басынан бері 8 мың өрт тіркелді. Бұл туралы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Спикердің айтуынша, жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам өрт шығып, үш жүзден астам адам қаза табады. Өрттер көп жағдайда тұрғын үй секторында болатыны айтылды. Жыл басынан бері 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза болған, ал 213 адам жарақат алған.
Өрттің өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалады. Қаза тапқандардың көпшілігі – Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында. Бұл ретте, 64 адам мас күйінде болған, – деді спикер.
ТЖМ өкілі қазақстандықтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары, профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Жеке тұрғын үй қорының өртке қарсы жағдайын бақылау қолданыстағы мемлекеттік заңнамамен қарастырылмағанын атап өтті.
Біз тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Оның барысында үйлерді аралаймыз және тұрғындардың келісімімен үй-жайлар тексеріледі, ұсыныстар беріледі және нұсқаулықтар өткізіледі. Өрт қауіпсіздігін бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік шаралар қолданылмайды, – деді Қанат Доспаев.