Биыл 2,6 млн адам құжат тапсырған
2025 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияны президент пен премьер-министр тапсырғанымен онымен қазақстандықтар таныса алмайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жалпыға бірдей декларацияға тоқталайын. Бүгін елімізде декларацияның 3-кезеңі аяқталып жатыр. Онда декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен кәсіпкерлер тапсырды. 15 қыркүйекте 2,6 млн декларация ұсынылды, әлі 200 мың декларация тапсырылмады. Біз бұл азаматтарға хабарлама жібердік. Олар 30 жұмыс күнінде декларацияны тапсыруы шарт, - деді Мәди Такиев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министрдің айтуынша, төртінші кезеңде яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде қалған барлық жеке тұлға декларация тапсыруға міндетті.
Журналист «Біз осы уақытта барлық саяси қызметкердің декларациясын көре аламыз ба?» деп сұрақ қойды.
Барлығын көреміз, тек ерекше қорғалатын қызметкерлерді және тағы басқасын көрмейміз, - деді Мәди Такиев.
БАҚ өкілі «Бұл саяси төрттік ғой? Бұл – президент, премьер-министр және Сенат пен Мәжілістің төрағалары? Дұрыс түсіндім бе?» деп сауалын нақтылады.
«Иә», - деп министр сұраққа қысқа жауап берді.
Сондай-ақ Мәди Такиев қазақстандықтар ҰКҚ төрағасы, ішкі істер министрі мен бас прокурордың да декларациясын таныса алмайтынын жеткізді.