Қазақстан жасыл экономика тұжырымдамасын жаңартты
Биыл еліміздің жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді. Жасыл экономикаға көшу көміртекті шығарындыларды азайтып, тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталған тұжырымдаманы іске асыру экономиканың әр саласы үшін маңызды болып табылады. Қазақстан үкіметі экономиканың барлық саласында жасыл технологияларды енгізу арқылы нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Ең алдымен су ресурстарын тұрықты пайдаланудан бастамақ. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданысқа енгізіп, еріген қар суын тиімді пайдаланып, қолданысқа енгізу көзделген. Бұл ауызсуды техникалық мақсатта пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тамшылап суару сияқты жаңа технологиялардың көмегімен ысырапшылдықты болдырмауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ құжатта ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін организкалық өнімнің үлесін арттыру көзделіп отыр. Оның ішінде өнімдік пен экологиялықты арттыру үшін заманауи тұқым қорын дамыту мәселесі қамтылады.
Жасыл энергияның көмегінсіз экономикаға көшу мүмкін емес. Жалпы елдің электр энергетикасы жаңартылған энергия көздерінің үлесін арттыру арқылы дамытылатын болады. Бұл көмір генерациясын біртіндеп азайтып, көміртекті шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Париж конвециясының талаптарына сәйкес, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізуге ниетті. Ол үшін жасыл энергияны дамыту қажет.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес, ауаның ластануын азайту бағытында бірқатар іс-шаралар көзделген: ірі өнеркәсіптерде үздік экономикалық және үнемді технологияларды енгізу, шығарындыларды азайтып, қалдықтарды тиімді басқару. Қоршаған ортаның ластануын азайтуда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинап, утилизациялау, қайта кәдеге жарату маңызды болып табылады. Ол үшін алдымен халықты қалдықтарды сұрыптап жинауға ынталандыру іс-шаралары аттырылатын болады. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде қоқысты сұрыптап жинау жүйелері енгізіліп, коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өндеу үлесі артады.
Тұжырымдамада көзделген тағы бір маңызды бағыт халық пен бизнестің экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі болмақ. Ол үшін экологиялық ақпараттың ашықтығын арттырып, халықтың табиғи ресурстарды басқаруға қатыстырып, елдегі экологиялық білім беруді арттыру көзделіп отыр. Әлбетте жасыл экономикаға көшу тұжырымыдамасындағы негізгі бұл бағыттарды іске асыру үшін жасыл қаржыландыру көлемі де артады. Яғни, жасыл несие, жасыл облигацияларды және басқа да қаржы құралдарын енгізу есебінен қоршаған ортаны жақсарту және қалпына келтіру жобаларын іске асыруға қаржы институттарын тартуға бағытталатын болады.
Сонымен қатар аталған тұжырымдама 2050 жылға қарай жасыл экономика елдің ЖІӨ-нің қосымша төрттен біріне ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп отыр. Әзірлеушілер осылайша, бұл құжат өнеркәсіптің экологиялық жаңа салаларын ашып, жаңа қызметтер мен құзыреттердің пайда болуы мен қазақстандықтардың өмір сапасының артуына ықпал етеді деп есептейді. Мәселен, тұжырымдама іске асырылған кезде қазіргі кездегі бизнеспен салыстырғанда, 2031-2040 жылдары жылдық инвестициялар көлемін орта есеппен 7-8%-ға жоғары болады деп жоспарланған. Ол ақшалай есеппен 235-270 млрд долларға жоғары болады. Сондай-ақ 2041-2050 жылдары 14-15% - ға жоғары болмақ, бұл 650-700 млрд. долларды құрайтын болады.
Айта кетейік, жасыл технологияларға көшпесе еліміз болашақта бірқатар сын-қатерлерге тап болуы мүмкін. Мысалы, бәсекеге қабілетсіз инфрақұрылымдар проблемасы өзекті тақырыпқа айналады. Бүгінде әлемде жасыл технологиялар қарқынды дамып жатыр. Сондықтан баламалы энергия технологияларының көмегімен алынған өнім дәстүрлі энергиядан алынған өнімге қарағанда тиімді саналады.
Экономикадан бөлек, бұл тұжырымдама әлеуметтік дамуға да серпін береді. Бұған дейін айтқанымыздай, жаңа құзыреттер мен жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. «Жасыл» жұмыс орындары пайда болады деп көзделген. Оны әзірлеушілер үш санатқа бөліп қарастырады: біріншісі – өнеркәсіптің жаңа салаларындағы көп сұранысқа ие жасыл кәсіпкер деп қарайды. Оған жасыл энергия немесе су/энергия үнемдеу саласында ашылып жатқан жаңа мамандықтарды жатқызуға болады. Екіншісі - жоғары біліктілікті және үйлесімді кәсіп мамандары үшін тиісті білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын біртіндеп енгізуді талап ететін «жасыл» кәсіптер. Үшіншісі жаңа «жасыл» және перспективалы, білімді қажет ететін мамандықтар, бірақ бүгінгі таңда нарықта жоқ мамандықтар.
Әзірлеушілердің пайымынша, болашақта еңбек нарығы «жасыл» жұмыс орындары мен басқа жұмыс орындарынан тұратын болады. Дәстүрлі жұмыс орындарының мамандары біртіндеп жасыл санатына көшетін болады. Тіпті, қазірдің өзінде Қазақстанда талапкерлердің жасыл сипатындағы мамандықтарға деген сұранысы артып жатқанын байқауға болады. Бұған мемлекеттің бюджет есебінен «жасыл» мамандықтарға грантты көбірек бөлуі де септігін тигізіп отырғанын мойындау керек. Электр энергетикасы, ғимараттарды жаңғырту, қалдықтар мен су ресурстарын басқару, табиғатты қорғау, орман отырғызуға салынып жатқан қомақты инвестициялар алдағы онжылдықтарда «жасыл» жұмыс орындарын құрудың негізгі кластеріне айналады.