Қазақ-қырғыз шекарасынан 1 тонна сүт өнімін заңсыз өткізбек болғандар ұсталды
Жүргізушілерге айыппұл салынып, жүктер жөнелту пунктіне қайтарылды
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында сүт өнімдерін заңсыз өткізбек болғандар ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы 5 қазанда Жамбыл облысындағы «Қордай» ветеринарлық бақылау бекетінде тиісті ілеспе құжатсыз Қырғыз Республикасының аумағынан елімізге 1 тонна сүт өнімін әкелуге тырысқан автокөлік ұсталды. Бұл заңбұзушылықты мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор құжаттамалық бақылау процесінде анықтады.
Жүргізушілерге айыппұл салынып, жүктер жөнелту пунктіне қайтарылды.
Жыл басынан бері шекараның Қазақстан-Қырғыз учаскесінде орналасқан ветеринариялық бақылау бекеттерінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың болмауына байланысты анықталған құқықбұзушылықтар жөнінде 77 акт жасалды. Әкімшілік айыппұлдар 3,2 млн теңгеден асты, – делінген АШМ хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, «Қордай» БКП-да 50 әкімшілік материал рәсімделіп, 2,2 млн теңге айыппұл өндірілді.