Жүйе ұлттық білім беру дерекқорымен интеграцияланған
Мектеп жасына дейінгі балалардың жеке даму картасы цифрлық форматқа көшеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіт мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, шара балалар дағдыларының дамуы мен қалыптасуын бақылауға мүмкіндік береді.
Мектеп жасына дейінгі баланың жеке даму картасы бізге әр баланың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және мектепте оқуды сәтті бастауға дайындауға мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды аспектілері көрсетілген: типтік оқу бағдарламасын игеру барысында қалыптасатын физикалық жағдай, коммуникативті, танымдық, интеллектуалды, шығармашылық, зерттеу және әлеуметтік-эмоционалды дағдылар. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білім беруді қамтамасыз етеді және балалардың бастауыш мектепте табысты бейімделуіне ықпал етеді, – деп атап өтті Манар Адамова.
Сондай-ақ, спикер карта цифрлық форматқа ауыстырылып, ұлттық білім беру дерекқорымен интеграцияланғанын жеткізді. Бұл ақпарат ары қарай мектептерге жолданып, мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.