Елімізде 820 мыңнан аса сапалы жұмыс орны ашылады
Жобалардың іске асырылуы бақылауда болады
Алдағы 3 жылда Қазақстанда 820 мыңнан аса сапалы жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік өңірлер мен салалар бөлінісінде сапалы жұмыс орындарына ақпараттық мониторинг жүргізеді.
2023 жылы Қазақстанда сапалы жұмыс орындардың саны шамамен 2,27 млн болды. Оның ішінде 198 мыңы – жаңа. Алдағы 3 жылда біз сапалы жұмыс орындарының санын 824 мыңға арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді Светлана Жақыпова Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Министр кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылатын жобалардың тиімділігін бақылау үшін инновациялық навигатор әзірленгенін жеткізді.
Бүгінде жүйеде 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған 755 жоба бойынша мониторинг жүргізіліп жатыр. Кейіннен біз платформаны жоспарлау сатысында өңірлік дамуды басқарудың әмбебап құралы болатынын көреміз. Бұл платформа нақты жобаларда кадрлар даярлауға тапсырысты қалыптастыруға және жобаларды іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет қалған жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік алады. Оны іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуға, бюджеттік жоспарлауға және жобаларды іске асыруға қатысты нормативті құқықтық өзгерістер талап етіледі, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова шағын және орта бизнес пен отандық тауар өндірушілер сапалы жұмыспен қамтудың драйвері болуға тиіс екенін атап өтті.