Тұрғындар 117 млн теңге артық төлеген
Жаңаөзенде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарғаны үшін тұтынушылар төлейтін тарифтің құны негізсіз арттырылғаны анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, аталған қызметтер үшін төлемақы қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму үшін барлық тарифтердің қосындысы есебінен қалыптастырылады.
Осылайша, қала тұрғындары үшін тариф 433,46 теңге болып, оның 87,87 теңгесі қалдықтарды сұрыптау үшін алынған. Бұл ретте 2023 жылғы қарашадан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау іске асырылмаған. Яғни, 152 мыңнан астам тұтынушы, оның ішінде 1556 шаруашылық жүргізуші субъектілер 117 млн теңгеге қызмет ақысын артық төледі, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес қалдықтарды сұрыптау тарифі тоқтатылды, ал негізсіз өндірілген қаржы қайта есептеліп жатыр.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің кінәлі лауазымды қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.