Бірнеше қылмыстық топ ұсталды
Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері осы айдың басынан бастап заңсыз көші-қон ұйымдастыруға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қылмыстық схемалар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, жалған құжаттарды қолдана отырып, шетелдіктерге уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат беруді ресімдеу сияқты қызметтерден тұрған, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Жамбыл облысында жергілікті тұрғын ұсталды. Ол таулы аймақ арқылы Еуроодақ елдеріне табыс үшін барғысы келетін алыс шет елдердің азаматтарына заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған.
Атырау облысында үш шетелдік жалған құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағында басқа шетелдіктерді тіркеумен айналысқан.
Осыған ұқсас қылмыстық схема елордада ашылды. Онда еңбек мигранттары үшін құжаттарды заңсыз ресімдеуге қатысы бар 5 жергілікті тұрғын ұсталды.
Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Кінәлілер мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Қуандық Алпыс.