Талғарда адам қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртенді: отбасын полиция күзетеді
Ауданда тағы бір жантүршігерлік оқиға тіркелді
Әлеуметтік желіде Талғарда адам қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың отбасының үйін біреулер қасақана өртеді деген ақпарат тарады. Алматы облысының полиция департаменті бұл мәліметті растады, деп хабарлайды Halyq Uni.
12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Тәртіп сақшылары бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен оған әкелуі мүмкін себептер анықталып жатыр, – деп қосты ПД баспасөз қызметі.
Кейін полицейлер қаза тапқан жасөспірімнің отбасының үйін күзететінін жеткізді.
«Келіп түскен арызға сәйкес, 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілді. Отбасының тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сақшылар тарапынан тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды», – деп түйіндеді департамент.