Halyq Uni логотип
×

Нариман Төреғалиев өңірлік кадрлық резерв мүшелерімен кездесті

Іріктеуден 30 маман сүрінбей өтті

 Дәурен Ерболат 11.10.2024 | 18:20
Нариман Төреғалиев өңірлік кадрлық резерв мүшелерімен кездесті
Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірлік кадрлық резерв мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Орал қаласында өткен іс-шараға кадрлық резерв бағдарламасына іріктелген жас мамандар қатысты.

Нариман Төреғалиев қатысушыларды жетістігімен құттықтап, кадрлық резерв еліміздің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алатынын, жоба маңызды екенін атап өтті.

Облыс әкімі жас кадрларды қолдау облыстың стратегиялық дамуындағы басты бағыттардың бірі екенін, кадрлық резерв мүшелері өңірдегі оң өзгерістердің қозғаушы күші болады дегенге сенетінін айтты.

Сіздер – еліміздің және өңіріміздің болашағысыздар. Сіздердегі білім, энергия және көшбасшылық қасиет экономикамызды нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамның барлық саласын дамытуға ықпал етеді. Біз сіздерге мақсаттарыңызға жету жолында қолдау көрсетуге, кәсіби түрде өсуге мүмкіндік беруге дайынбыз, - деді Нариман Төреғалиев.

Кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов жас мамандарды қолдау мен оларды мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялаудың маңызына тоқталды.

Өңірлік кадр резервінің мүшелері – өңірдің болашағын қалыптастыратын жас көшбасшылар. Сіздердегі энергия, басқаруға деген тың көзқарас жаңа тәсілдерді енгізуге және өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Біз бірлескен күш-жігердің арқасында үлкен табысқа қол жеткіземіз деген сенімдеміз, - деді Мұрат Байсалов.

Кездесу барысында кадр резерв мүшелері қоғамның әртүрлі саласын жақсартуға бағытталған идеясын және жобасын бөлісті.

Сондай-ақ іс-шарада басқарудың тиімділігін арттыру, инновацияны дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі жиынға қатысушыларды өңір игілігі үшін белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Айта кетейік, өңірлік кадрлық резервіне іріктеу 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматтарының арасында жүргізілді.

Жобаның негізгі мақсаты – өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту және жас басқарушылардың аймақтық пулын қалыптастыру.

Батыс Қазақстан облысы бойынша жобаға 423 адам өтінім қалдырып, оның 273-і іріктеуге жіберілді. Өңірлік кадр комиссиясының шешімімен 7 салалық бағыт бойынша 30 кандидат резервке алынды.

Сондай-ақ кадрлық резервтен алғашқы тағайындаулар да бар. Мысалы, Казталов ауданының тұрғыны Жұлдыз Жусупова ауылдық және аудандық деңгейде жинаған тәжірибесін облыс әкімінің аппаратында пайдалана алады. Осындай тағайындау аудандық әкімдіктерде де болады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама