Түркістан облысында 10 млн теңге қарызын төлемей жүрген тұрғын анықталды

Дәурен Ерболат

Ол биыл мамырдан бері несиесін төлемеген

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында полиция 10 млн теңге қарызы бар борышкерді анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірдегі патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің планшетіне 10 млн теңге қарызы бар Toyota Corolla көлігі бойынша дабыл түскен. Автомобиль Сайрам-Ақсукент тас жолында тоқтатылды.

Көлікті сақтандыру полисі бойынша әйел басқарған. Тексеру кезінде автомобиль оның күйеуінің атына жазылғаны белгілі болды. Алайда ер адамның банкке қомақты қарыз екені анықталды. Ол мамырдан бері қарызын төлемегендіктен полицияға сот орындаушысынан қаулы түскен.

Мәліметтер базасын тексеру барысында тоқтатылған көліктің иесінде 10 млн теңге қарыз бары анықталды. Көлікті арнайы айыптұраққа қойдық. Қарыз өтелмейінше, сот орындаушының рұқсаты келмейінше, автомобиль сол жерде тұрады, – деді облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Алмас Мырзахметов.

Полиция облыс тұрғындарына берешекті уақытында төлеуге кеңес береді.