Жанар-жағармайды елден шығаруға тыйым салынады
Бұйрық жобасы қоғамдық талқыға салынды
Ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін темір жол көлігімен экспорттауға тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрлік «Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрықтың жобасын әзірледі. Ол бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу көзделген.
Қазір ЖЖМ тұтынудың әдеттен тыс ұлғаюы және ішкі нарықта қалған өнімнің азаюы байқалады. Атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік шекаралас аймақтарында айтарлықтай өсім байқалады. Бұл жағдай Қазақстан Республикасында және шекаралас елдердегі мұнай өнімдері бағасы арасындағы айырмашылығымен байланысты, осының салдарынан өнім шекаралас елдерге әкетіліп жатыр, – делінген министрлік хабарламасында.
Бірлескен бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» сайтында қоғамдық талқыға ұсынылды.