«Қазсушар» филиалында 20 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды

Динара Амантай

Судың қара нарығымен күресетін комитет құрылды

Фото: Halyq Uni

Алматы облысындағы «Қазсушар» филиалында 20 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, мекемеде су ресурстарын заңсыз және тиімсіз пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда:

  1. Күрті ауданында шаруа қожалықтары жергілікті «Қазсушар» филиалымен келісімшартқа отырмастан, 100 гектар егіс алқабын суару үшін суды заңсыз алған.
  2. Кейбір гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты каналда қосымша су шығыны анықталды. Яғни, филиал басшылығының нысандардың техникалық жай-күйіне жеткіліксіз бақылау жүргізуі салдарынан су ресурстарын тиімсіз пайдалану және есебін жүргізу жағдайлары тіркелді.
  3. Мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде заң бұзу фактілері анықталды. Филиал заңды және ішкі нормативтік құжаттарды бұза отырып, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 7 келісімшарт жасасқан. Осыған дейін, 2023 жылғы шілдеде жалпы көлемі 17,5 млн теңгеге Сол жағалау магистральды каналының жер бөлігін механикалық тазалау қызметін көрсетуге де осындай тәсілмен шарт жасалған. Яғни, заңбұзушылық жүйелі түрде қайталанып отырған.
  4. Филиал директорының міндетін атқарушы жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге жол бермеу туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген талапты сақтамаған. Тексеріс қорытындысы бойынша барлық анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 20 млн теңге болған.

Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға жіберілді. 3 құқықбұзушылық фактісі бойынша филиал директорының міндетін атқарушыға әкімшілік айыппұл салынды, – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, аталған азамат бұған дейін де бірнеше мәрте ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Облыстық филиалға кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді. «Қазсушардың» басқа да облыстардағы филиалдары тексерістен өтеді. Судың қара нарығымен тиімді күресу үшін министрлік жанынан су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде жаңа Комитет құрылды, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін министрлік пен Жоғары аудиторлық палата бірлесіп жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша «Қазсушар» кәсіпорнының басшы лауазымындағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Ал, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысында суды заңсыз пайдаланудың 10 фактісін анықтады. Бүгінде филиал басшысы қызметінен босатылды.