СҚО-да орман өртіне қарсы тиісті шаралар қабылдамаған шенеуніктер жауапқа тартылды
Өрт сөндіру станциялары жеткілікті жарақтандырылмағаны анықталды
СҚО-да орман өртіне қарсы тиісті шаралар қабылдамаған шенеуніктер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірдегі орман өрт сөндіру станциялары АШМ бұйрығының талаптарына сәйкес келмейді: өрт сөндіру станцияларының материалдық-техникалық жарақтандырылуы жеткіліксіз, оның ішінде өрт сөндірушілерді орналастыруға арналған үй-жайлар, жылы гараждар, сондай-ақ өрт сөндіру техникасына арналған қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы мамандар жоқ.
Барлық орман мекемелерінде өртті ерте анықтайтын автоматты жүйені (FireWatch жоқ), арнайы жедел әрекет ету авиациясын сатып алу және орман өрттерін сөндіру, жетуге қиын жерлерде десанттың қонуын қамтамасыз ету үшін тікұшақ алаңдарын орнату бойынша ұсыныстар еленбей қалып кеткен. Су алуға арналған өрт гидранттары мен су айдындарының жай-күйі, минералданған қорғаныш жолақтарды орнату бойынша басқа да бұзушылықтар анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен бірге халықты эвакуациялау жоспарлары туралы хабрландыру және өртке қарсы ерікті құрылымдар жасақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілетіні анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстық бюджеттен арнайы өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 296,6 млн теңге, 7 орман шаруашылығы бойынша өрттерді ерте анықтау бойынша құрылғыларды сатып алуға 45 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 12 лауазымды адам, оның ішінде үш аудан әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3,3 млрд теңгеге өртке қарсы техниканы сатып алу үшін лизинг мәселесі шешіліп жатыр.