Алматының 6 мыңнан аса тұрғыны қаланы көркейтуге жоба ұсынған

Динара Амантай

Сарапшылар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарады

Фото: Halyq Uni

Алматының 6 мыңнан аса тұрғыны қаланы көркейтуге өз жобасын ұсынған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы қаласында 2019 жылдан бері бірегей «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы іске асырылып келеді. Оның мақсаты – қала тұрғындарының ұсыныстары мен бастамалары негізінде Алматы аудандарын абаттандыру әрі дамыту. Бұл ретте бағдарлама бойынша алматылықтар қоғамдық орындарды, саябақтарды және өз аулаларын көріктендіруге қатысты бастамаларын ұсынып, қала бюджетінің тиімді жұмсалуына атсалыса алады. Келіп түскен жобаларды аудан әкімдіктерінің жанынан құрылған сараптамалық кеңес бағалап, ары қарай дауыс беруге немесе қайта қарауға жібереді, ал кей жағдайларда ұсыныстар қабылданбауы да мүмкін.

Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, биыл алматылықтар бағдарламаға қатысуға 6 мың 118 өтінім жолдаған. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған кеңес тұрғындардың жобаларын қарап, әр өтінімге «дауыс беруге жіберілді», «қайта қарауға жіберілді» немесе «қабылданбады» деген мәртебелердің бірін берді.

Өтінімдері қайта қарауға жіберілген алматылықтар 10-14 қазан аралығында жобаларын түзетіп, қайта толықтыра алады.

Сонымен бірге, дауыс беруге жіберілген жобалар budget.open-almaty.kz ақпараттық порталында көпшіліктің назарына ұсынылады. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аталмыш сайтта ұсынылған жобаға дауыс беруге болады, – делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетсек, Алматыда тұрақты тұратын тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнатқан жобаларына дауыс бере алады.

«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Алматылықтар өз жобалық ұсыныстарын budget.open-almaty.kz порталы арқылы жібере алады. Бұл үшін өтінімді (ұсыныстың атауын, сипаттамасы мен нысанның мекен-жайын көрсете отырып) толтырып, жобаның нобайы мен сметасын міндетті түрде қоса беру қажет.

Ақпаратқа сәйкес, бір жобаның ең жоғарғы құны 20 мың АЕК-тен аспағаны дұрыс.

ЖОБАЛЫҚ ҰСЫНЫСТАРДЫҢ КРИТЕРИЙЛЕРІ:

  • бір автор – бір өтінім – бір нысан;
  • нысан іске асырылуы жоспарланған аудан аумағында, жалпыға қолжетімді жерде орналасуы керек;
  • әкімдіктің құзыретінде болуы және тағы басқа.

ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР ҚАБЫЛДАНБАЙДЫ?

  • құрылыс-монтаждау жұмыстары жоқ, тек жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге арналған ұсыным;
  • болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап ететін ұсыным;
  • Алматы қаласының даму бағдарламасына, ҚР заңнамасына сәйкес келмейтін ұсыным;
  • коммерциялық сипаттағы және тағы басұа ұсынымдар.

ОНЛАЙН ДАУЫС БЕРУ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ?

  • open-almaty.kz порталындағы «Дауыс беру» бөліміне өту;
  • ең көбі 3 (үш) ұнаған жоба ұсыныстарын таңдау;
  • дауыс беруді растаудың ең қолайлы әдісін анықтау – ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS коды) арқылы.

ҚАҒАЗ ТҮРІНДЕ ДАУЫС БЕРУ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ?

  • кез келген аудан әкімдігіне немесе Open Almaty фронт-офисына барып, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты көрсету;
  • сол жерде берілген қағаз бланкіні толтыру;
  • толтырылған бланкіні дауыс беру жәшігіне тастау.