Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 800-ге жуық өтінім түскен
Биылғы су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген мүліктік шығындарды өтеу мақсатында Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 1 қазандағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 15 млрд теңгеге 764 өтінім келіп түскен. Шамамен 12 млрд теңгеге 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 млрд теңгеден астам қаржыға 615 өтінім толық қанағаттандырылды.
30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасып жатыр. Олар аяқталғаннан кейін өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады, – делінген министрлік хабарламасында.
Өтінімдердің басым бөлігі Атырау (423 өтінім) және Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облыстарынан келіп түскен. Батыс Қазақстан облысынан 87 өтінім, Қостанай облысынан 68 өтінім, Ақтөбе облысынан 51 өтінім, сондай-ақ Ақмола облысынан 28 өтінім түскен.