Қаржы облыс бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударылады
Үкімет Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін қалпына келтіруге қаржы бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құжатқа сәйкес, Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін 5 млрд теңге Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударылады.
Бұл қаражат жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды ескере отырып, жұмыстың жалпы құнының 10% мөлшерінде автомобиль жолының ең тозығы жеткен ұзындығы 11,5 шақырым учаскесін реконструкциялауға бағытталатын болады, – делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетсек, бұған дейін мердігер ұйымның қаражаты есебінен шамамен 11,5 шақырым жылу желісі тартылған болатын. Жалпы 2024-2026 жылдары аралығында тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым магистралды жылу құбырын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Ал Ақтау қаласының жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері пайдаланылып келеді.