ТЖМ мамандары өрттен екі өңірдің 7 ауылы мен 11 шаруа қожалығын аман алып қалды
Желтау ауылының алдын ала көшірілген 18 тұрғыны үйлеріне оралды
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Қарағанды, Павлодар облыстарындағы табиғи өрттің ауыр зардаптарының алдын алды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қарағанды облысындағы табиғи өртті жою кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері жоғары кәсібилік танытып, іс-қимылдарын үйлестірді. Қатты жел және үлкен өрт аймағы жағдайында олар 1,5 мыңнан аса адам тұратын және 33 мыңға жуық малы бар 7 елді мекен мен 11 шаруа қожалығына өрттің таралуына жол бермеді, – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ өрттің Егіндібұлақ ауылының маңында орналасқан «Кувский» шаруа қожалығының орман қоры аумағына таралуының алдын алғанын айта кеткен жөн. Бұл жетістік құтқарушылардың жедел жұмысы мен нақты іс-әрекетінің арқасында мүмкін болды.
Бір күн бұрын Павлодар облысында құтқарушылар дала өртін сөндірді. Онда өрт сөндірушілердің келісілген іс-әрекетінің арқасында өрттің Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына енуіне жол берілмеді. Сонымен қатар, жағдай тұрақтанған кезде Баянауыл ауданына қарасты Желтау ауылының бұрын алдын ала көшірілген 18 тұрғыны үйлеріне оралды, – деп мәлімдеді ТЖМ.