Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында жасөспірімнің өзіне қол жұмсауына комикстердің әсері болуы мүмкін – прокуратура

Қыз суицид жасар алдында корей манхваларын оқыған

 Динара Амантай 09.10.2024 | 18:00
Ақмола облысында жасөспірімнің өзіне қол жұмсауына комикстердің әсері болуы мүмкін – прокуратура
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында жасөспірім қыздың өзіне қол жұмсауына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске сала кетсек, 1 қазанда Аршалы ауданы Жібек жолы ауылында 2010 жылы туған жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Оның денесі гараждан табылды.

Кәмелетке толмаған А. өзіне-өзі қол жұмсаудың алдында интернетте алты түрлі түйіндер туралы материалды және қайта туылу туралы манхва-нұсқаулығын қараған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кетсек, манхва –  Оңтүстік Кореяда кеңінен танымал комикс. Ол корей мәдениетін, дәстүрін және ойлау тәсілін сипаттайды. Манхва мен қайта туылу ұғымдары өзара байланысты, оның тұжырымы бойынша кейіпкерлер өлгеннен кейін жаңа денеде, басқа әлемде немесе өткен өмірінде қайтадан өмір сүре алады. Who Made Me a Princess манхвасындағы кейіпкер романдағы ханшайымның денесінде қайта туылып, өмірін қайғылы аяқтамау үшін оны өзгертуге тырысады.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінде сарапшылар қандай да бір әрекеттер жасауға итермелейтін 25-ші кадр теориясының адамның мінез-құлқына әсерін зерттеп жатыр.

Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілерінің болуына байланысты 2024 жылдың 8 қазанында Аршалы ауданының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 313-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деп мәлімдеді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов.

Қылмыстық істі тергеу арнайы прокурорға тапсырылып, оның барысы бақылауға алынды.

Прокуратура осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін ата-аналарды балалардың гаджеттерді пайдалануын бақылауға шақырды, оның ішінде пайдалану уақытын тек шектеп қана қоймай, балалардың қандай тақырыптарға қатысты ізденгендерін тексеру ұсынылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама