Маңғыстауда аудандық полиция бастығы жауапқа тартылды
Қару сатып алуға рұқсат заңсыз берілген
Түпқараған ауданының Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы қадағалау органының актісін уақтылы қарамағаны жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, азаматтық қаруды сатып алуға рұқсат беруде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Нақты айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға қару сатып алуға рұқсат берілген.
Аталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Түпқараған ауданының полиция бөліміне ұсыным енгізілгенмен, ол заңда белгіленген бір ай мерзімде қаралмаған.
Осыған байланысты полиция бөлімінің басшылығына қатысты тәртіптік іс қозғалды.
Сонымен қатар прокурордың талабынан кейін заңсыз берілген рұқсаттардың күші жойылып, 4 қару тәркіленді.