Биыл Аралға 2 млрд текше метрден астам су жіберілді
Теңіздің минерализациясы азайып, балық көбейіп жатыр
Соңғы 5 жылда алғаш рет вегетация кезінде Аралға су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр, яғни жоспарланған көлемнің 98%-ы жіберілген. Бұған дейін суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген. Ал, жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су түсті. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.
Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде Аралға 997 млн текше метр су жіберу жөнінде келісімге келген болатын. Осының нәтижесінде, бүгінде Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Салыстыру үшін, теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді. Көрсеткіш 10 есе артық, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.
Аралдан бөлек, биыл алғаш рет суару кезеңінде теңіз маңындағы Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілді. Бұл балық шаруашылығы мен туризімді дамытуға тиімді әсер етіп отыр.
Бұл ретте Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбейуіне жағымды әсер етіп жатқанын айта кету керек. Салыстыру үшін, теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды.
Айта кетсек, бүгінде министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Қазір жоба бойынша қажетті құжаттама әзірленіп жатыр. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.